Технология • 07 Қараша, 2018

Солтүстік Қазақстанда  жаңа онлайн қызметі іске қосылды

262 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстанда «Құжаттарды құрастырушы» деп аталатын жаңа онлайн-қызметі құрылып, құжаттарды рәсімдеу жұмысы әлдеқайда жеңілдеді.

Солтүстік Қазақстанда  жаңа онлайн қызметі іске қосылды

Бұдан былай шағын субьект өкілдері заңгерлік құжаттарды ешкімнің көмегінсіз, оңай толтыра алады. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы түрлі құжаттардың 100 нұсқасы бар озық қызметті енгізіп, бизнестің дамуына қолайлы мүмкіндіктер тудырды. Бұрындары кәсібін енді бастаған жандар көп жағдайда кәсіби заңгерлердің көмегіне жүгініп, уақыт жағынан да, қаражат жағынан да шығынданып жататын. Оның үстіне заң талаптарына сай толтырылмаған келісім-шарттар, басқа да құжаттар неш түрлі қикілжіңдер мен дау-дамайларға ұрындырып, оның ақыры сотқа  арыздануға мәжбүрлейтін фактілер аз кездеспейтін. Жаңа онлайн қызметі қолдан жасалатын кедергілерді, бюрократизм мен қағазбастылықты азайтып,  сату-сатып алу,  тауарды жеткізу, сауда орнын жалға алу, еңбек келісім шарттарын және тағы басқа құжаттарды бірізділендірді.

«Онлайн сервиске шағын бизнеске қажетті 100-ге жуық құжаттың нұсқасы енгізілген. Кез-келген кәсіпкер бұл сайтта тіркеліп, дербес жұмыс істейді. Жүйенің тағы бір ерекшелігі, қолданушы жеке парақшасында құжаттарды толық сақтай алады», дейді кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жеңіс Қазиев.

Облыста жаңа қызметті алғашқылардың қатарында қолданғандардың бірі– жеке кәсіпкер Сергей Сапко. Ол ағаштан түрлі бұйымдар және кәдесыйлар жасаумен айналысады. Кейде ағаш жону білдегін жалға да беріп жатады.

Бұған дейін білдекті жалға беру келісім-шартын жасау үшін кәсіпкерлер палатасының есігін тоздырып келсе, енді үйден шықпай-ақ қажетті құжаттарды өзі толтыратын болыпты.

Жаңа жүйе енгізілгелі елуге жуық  кәсіпкер хабарласып, қолдану жайында  жан-жақты ақпарат алыпты.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы